© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Краннан су ағып тұр, бірақ «Қазақстанда су тапшы» дейді. Неге?

Соңғы кезде қазақстандықтар «су тапшы» дегенді жиі естіп жүр. Мамандар жан-жақтан «суды үнемдеңдер, су жетпейді» деп дабыл қағып жатыр. Алайда, дәл қазір қалаларда күнделікті тұрмыста су бар, сондықтан су тапшылығын халық сезіп отырған жоқ.

Қазақстанның ауызсу ресурсы

Алдымен, су тапшылығы не деген не.

«Су тапшылығы – суға сұраныстың қол бар қорынан асып кетуі. Тапшылықты сұранысты қанағаттандырмау, пайдаланушылар арасындағы шиеленіс, су үшін бәсеке, жер асты суларын шамадан тыс өндіру және табиғи ортаға судың жеткіліксіз ағыны дәлелдейді», – бұл анықтама ФАО – Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының сайтында берілген.

Ал, әлем халқының 40%-дан астамы ауызсу тапшылығынан зардап шегеді және 20 ғасырдан бастап тұщы ауызсу тапшылығы мәселесі қазіргі заманның жаһандық проблемасы ретінде қарастырылып келеді. Бұдан қалды дүние жүзіндегі халық саны қарқынды өскеннен таза ауызсуға деген қажеттілік те артып жатыр.

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, жыл сайын елдегі өзен су ресурстарының өндірілетін көлемі шамамен 102 текше шақырым суды құрайды. Бұл – жер асты суының қорын есептемегендегі мәліметтер.

«Елімізде экономика салаларының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жыл сайынғы су тұтыну шамамен 25 текше километрді құрайды, оның 65%-ы (14,2 текше шақырым) ауыл шаруашылығының қажеттіліктеріне, 25%-ы (5,9 текше шақырым) өнеркәсіптің қажеттіліктеріне, ал 4,3%-ы (1,3 текше шақырым) коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсалады», – деді су ресурстарының бірінші вице-министрі Болат Бекнияз Мәжіліс депутаттарына Су кодексінің жаңа жобасын таныстырып.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда ауызсу тапшы емес.

Мұнымен су қауіпсіздігін зерттеуші, Саясаттану кафедрасының PHD кандидаты Жәния Хайбулина келіседі, бірақ ол алдағы уақытта тапшы болады дегенді растайды және қазіргі судың сапасына қатысты алаңдайды

«Егер ресурстың физикалық қолжетімділігі туралы айтатын болсақ, қазір сумен қамтамасыз ету 100 текше метрді құрайды. Бірақ бүгінде су қолжетімді болғанмен, оның халыққа қандай күйде тарап жатқаны, қауіпсіздігі алаңдатады. Егер осылай кете берсек, тіпті, Африкадан да жаман халге жетуіміз мүмкін», – деп түсіндірді сарапшы.

Сонымен қатар, маманның айтуынша, бүгінде елімізде 1543 ауылдың тұрғындары сапалы ауызсудан қағылып отыр.

Парламент депутаты, табиғатты қорғайтын белсенді Сергей Пономарев те ауыл тұрғындарының суға қолжетімділігі мәселесіне назар аударады.

«Қазіргі таңда Қазақстанда ауыз су мәселесі жоқ. Бірақ бұл гүлденген қалаларға қатысты. Бізде ауылдық жерлерде өте күрделі мәселелер бар», – деп алаңдады Пономарев.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚСЗИ Қоғамдық пікір мониторингі департаментінің бас сарапшысы Дарина Даненованың айтуынша, бүгінде елдегі төрт өңірде су тапшылығы байқалды, одан қалды Маңыстауда қазірдің өзінде ауызсу тапшы.

«Қазірдің өзінде төрт облыста (Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл) су тапшылығы байқалса, Маңғыстау облысында ауызсу тапшы», – дейді Дарина Даненова.

Халықты ауызсумен толық қамту үшін қомақты қаржы бөлінгенмен, толық қамтамасыз етілмей келеді. Мәселен,  2011-2020 жылдары 951 490,3 млн теңге (шамамен $2 млрд), ал Нұрлы жер бағдарламасы арқылы 111,5 млрд теңге ($2023 млн) бөлінген.

Қазақстан су тұтынудан антилидер

Бұдан қалды еліміздегі тұрғындардың суды үнемдеу, тұтыну процесінде «бейберекетсіздік» байқалады. Қазақстандықтардың су дұрыс пайдаланбайтынына халықаралық рейтинг дәлел – Су тұтыну жөніндегі рейтингте Қазақстан 179 елдің ішінде 11-орын алды.

«Елдегі тұрғындардың күн сайынғы су пайдалану көлемі жан басына шаққанда – 3,5 мың литр. Ресейде әр адам орта есеппен 1,3 мың литр, Грузияда 1,2 мың, ал Ұлыбританияда бар болғаны 348 литр су пайдаланады», – деді Жәния Хайбулина.

Сондықтан Қазақстанда су үнемдейтін технологияларды енгізудің маңызы зор. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде де талқыланып жатыр. Қазақстан үкіметі су проблемасының күрделі екенін ескеріп, арнайы министрлік құрды – Су ресурстары және ирригация министрлігі. Жаңа құрылған ведомство су тапшылығымен күресу үшін түрлі шара қабылдап жатыр. 2003 жылы қабылдаған Су кодексін жаңартып жатыр.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы халыққа жолдауында да былай деді:

«Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу».

Дүниежүзілік банктің есебінше, қазіргі 100 текше метрден асатын су ресурсымыз 2050 жылға қарай 70-ке дейін төмендейді. Біз қазір бар судың сапасын жақсарта алмай, еш үнемсіз, жаңа технологиясыз, бейберекет пайдаланып жүргеніміздің салдарын 15 жылдан кейін қатты сезе бастаймыз.

Су үнемдейтін технологияларды барынша тек енгізу керек, себебі Қазақстан болжам бойынша 2040 жылға қарай қажеттіліктің 50% көлемінде су ресурстарының едәуір тапшылығына тап болуы мүмкін. Экономиканың барлық салалары дерлік суға тәуелді болғандықтан, ел өңірлерінде оның тапшылығына байланысты 2050 жылға қарай ЖІӨ 6%-ке төмендеуі мүмкін, – дейді БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшылары.

Көрнекі сурет: Dragana_Gordic/Freepic

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: