© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстандықтар діни нанымдарын қалай өзгертеді?

Зерттеушілердің сөздерінше, әрбір оныншы қазақстандық діни нанымдарын өзгертеді, ал екі проценті өзі ұстанатын діннен басқасына өтеді.


Подпишитесь на нашу страницу в Facebook!


22 жастағы Алена православие дініндегі отбасында туып өскен, шіркеуде барып тұрған, бірақ жасөспірім кезінде ислам дінін қабылдайды. оның айтуынша, бұл дінге оны жаны жетелеген.

Менің әжем құдайға сыйынатын, шіркеуге баратын – бұл мені рухтандыратын. Өзім сұранып, шіркеуге бірге еріп баратынмын, сыйынуды үйретші деп қолқалайтын едім. Ол кезде 13 жастамын. Үймізде кітап көп болатын, бір күні сөреден  арап ертегілерінің «Мың бір түн» деген төрт томын көрдім. Мұқабасы ұнап қалды да, кітапты оқи бастадым.

Бұл ертегілерде Алланың аты өте жиі айтылады, бұл не және неліктен екен деп қызығып, ары қарай іздене бастадым. Интернеттен әртүрліні оқи бастадым, бірақ кейде менің оқып жатқаным өзі дұрыс нәрсе ме деп күмәнданатын кездерім де болды. Қазір қарасам, бұл жай қызығушылық емес, ол менің тағдырым еді деп айтар едім. Бір күні ояндым да, мешітке баруды ұйғардым. Басыма орамал тағып, үстіме ұзын көйлек кидім.

Ол жаққа не үшін бара жатқанымды білмедім, бірақ жиналдым да, келдім. Сосын келіп алдым да, не істерімді білмей кідіріп қалдым, өйткені мешіт сондай зор. Күзетші ағай жақындап келіп: «Қызым, не іздедің?» деп сұрады. Мен оған ислам қабылдағым келеді деп жауап бердім. Ол көзі атыздай болып таңданды да, имамды шақырды. Имам мені тыңдап, мейірімдеді де, жоғарыдағы балаларға арналған бөлмеге алып келді, онда олар арап тілін үйренеді екен.

Бұл кабинетте сақалы аппақ ата отырды, діни ұстаз екен. Имам сол кісімен қалдырып, кетіп қалды. Мен ұстазға өз оқиғамды айтып бердім, исламға ынтықпын, осы дінді біліп танығым келеді дедім. Ол маған білім алу керек деді, өйткені исламды қабылдамас бұрын, діндердің тарихын зерттеп алу керек деп түсіндірді. Солайша мен күнде мешітке барып, дін оқып, кейін анаммен таныстырдым.

Алена үш жыл бойы имаммен тілдесіп, ислам діні туралы білімін молайтты. Сол арада мектебін де бітіріп, жоғары оқу орнына түсіп кетті.

«Кейде мен араласатын ортама қарап, не істеп жүрмін деп торығатын да едім. Екінші курсқа дейін айналамда исламды танып білуге көмектесетін ешкім болмады. Сосын менің бөлмеме Ауғанстаннан келген қызды орналастырды. Сол қызбен жақын дос әрі әпкемдей жақын боп кеттік», – дейді бойжеткен.

Әркімнің құқығы

Қазақстан конституциясында өзін «демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде» орнықтырып, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жариялайды. Ал негізгі заңның 14 және 19–баптарында діни көзқарасы немесе басқа да себептермен кемсітуге жол берілмейтініне және діни бостандыққа кепіл берілген.

14–бап

  1. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.

19–бап

  1. Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы.
Яхия қажы Исмаилов. Photo: inform.kz

Осыған ұқсас қағидалар Құранда да жазылған, дейді «Аланың гүлі» мешітінің бас имамы Яхия қажы Исмаилов. Ислам пайда болған замандарда мұсылмандар басқа дін ұстанушылармен бейбіт өмір сүрген, деп атап өтті ол.

«Түп негізіне бойласақ, барлық діннің бастауы – Құдай, ал Құдай жалғыз. Құранда айтылған: бұл Ибраһимнен Мұхаммедке дейінгі тізбек. Біз, мұсылмандар, Иса, Ибраһим және Мұсаны – Құдайдың жіберген елшілері деп танимыз, олар біздің бауырларымыз деп санаймыз. Дін таңдау құқығы әр адамда бар», – дейді имам.

2017 жылы Қазақстан Білім және ғылым министрлігі «Постсекулярлы қоғамдағы діни конверсия» деген зерттеу жүргізді. Сауалнамаға елдің 14 өңірінен және Алматы мен Нұр–Сұлтан қалаларынан 2500 адам қатысқан. Респонденттер жынысы, жасы және халықтың құрамын көрсету үшін ұлты бойынша жіктелді.

Зерттеу нәтижесіне сай, қазақстандықтандың 12,5%–і рухани ізденіс үстінде, діни нанымдары өзгеріп жатыр. Ал бір діннен екіншісіне өтушілердің үлесі 2% шамасына жуық.

Алайда «Нұр–сұлтан қаласындағы дін мәселелерін зерттеу орталығы» ЖШС діни жағдайды зерттеу бөлімінің басшысы Александр Антиппиннің айтуынша, бұл көрініс әр аймақта әртүрлі болуы ықтимал.

«Батыс аймақта мұсылмандардың христиандыққа өтуі, жалпы дін ауыстыру деген нәрсе тым сирек нәрсе. Ал басқа өңірлерді алып қарасақ, мұндағы христиан ішіндегі неопротестанттық жамағат мүшелерінің 10–60%–і қазақ ұлтының неофиттері». Сондай–ақ «Кришна санасы қозғалысы» қауымдарына кіретіндердің барлығы бұрынғы христиандар мен мұсылмандар, олар жаңа дінді өз бетінше, ата–анасының ұстанған дәстүріне қарамай қабылдағандар. Десек те, сол неофиттердің балалары өсіп, әке–шешелерінің дінін дәстүрді деп санап, қабылдап жатыр», – дейді Антиппин.

Сол зерттеуге сүйенсек, қазақстандықтардың көбі басқа дінді бұрынғыдан саналырақ таңдап ауысады. Дегенмен, дінді өз ұлтының дәстүріне сәйкес таңдап алатындардың саны басымырақ.

«Орыс болсаң – православие дініндесің, арап немесе қазақ болсаң – мұсылмансың, неміс болсаң – лютерансың, ал еуропалықтар бізде католиктер деген ұғым берік. Дегенмен, бұл әсте олай емес. […] Діни қызметімде мен христиан дінімен қызығатындардың арасында тегі славян емес адамдарды жиі кездестіремін. Бұл христиандықтағы басты қағидамен үйлеседі – Құдай дегеніміз сүйіспеншілік. Ол барлығына арналған, шіркеу де барлығына ашық болуы тиіс, ол нәсілдік, ұлттық және басқа да бөлектеуден жоғары тұруы керек», – дейді Нұр–Сұлтан қаласындағы Успен кафедралды соборының діни қызметшісі, иерей Виктор Дрожников.

Виктор Дрожников. Жеке архивінен алынған фото

Қазақстандықтар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, дінді таңдауда адамдардың көбіне жақын айналасы ықпал етеді (47–63,7%) – туысқандар, достар, көршілер. Екінші орында – арнайы әдебиет пен интернет–ресурстарды өз бетінше оқып тануы, сонымен қатар адамның өзі рухани ізденісте жүруі себеп болады.

Дін қызметкерлері дін таңдаудағы саналылықты – адамдардың басқа дінге өтпес бұрын ізденіп, оқып білуге деген талаптарын қош көреді. Бірақ, дейді олар, күйеуінің ықпалымен дін ауыстыратын әйелдер жиірек кездеседі.

«Ислам дінін қабылдағандардың көпшілігі күйеуі үшін өтетіндер, олардың ниеті үстіртін. Олардың барлығы некеде бақытты болып кетеді деп айту қиын, өйткені онысы діни білімсіздік пен діни негізде бірлесе алмағаннан болады. Иман болмаса, ырымшылдыққа бой алдырады – бұл да факт. Мұндай некеге шіркеу тиым сала алмайды, өкінішке қарай. Дін таңдау бостандығы – негізгі кұндылық. Ары кетсе тәуекелдерді түсіндіріп, ол ойынан айнытуға тырысуға болады», – дейді Виктор Дрожников.

Имам Яхия қажы Исмаилов та исламның адамдарды дін қабылдауға мәжбүрлеуге қарсы екенін және тыныштық пен төзімділікке үндейтінін айтады.

«Маған басқа дінді ұстанатын адамдар келіп, исламды қабылдағысы келетінін айтады, мен оларға уақыт беріп, жақсылап ойлануы керек деймін. Қыз–келіншектер исламды қабылдағысы келсе, біздің дініміз кез келген басқягда діндегі адаммен бас қосуға рұқсат беретінін жеткіземін. Дінді біреу үшін, бірнәрсе үшін қабылдауға болмайды», – дейді Исмаилов.


Бұл мақала IWPR «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа бағытталған ашық диалог» жобасының аясында әзірленді

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report

The following text will be sent to our editors: