Арт-белсенділер шатқалды қорғап, көлдерді сақтап немесе орман отырғыза ала ма? Олардың қолынан келеді. Арт-белсенділер экологиялық мәселелерге қалай үн қатып, қоғам мен мемлекеттік органдарды қалай тартатынын заманауи өнер кураторы, Artcom Platform заманауи өнер және қоғамдық әрекеттесу платформасының негізін қалаушы, Астанадағы SOS Taldykol көлді сақтау қозғалысының және Балқаш көліне қамқор болуға шақыратын Balqashqa Qamqor жобасының бірлескен бастамашысы Әйгерім Қапар айтып берді.
— Әйгерім, бүгінде әлемдегі суретшілерді қандай экологиялық мәселелер толғандырады?
— Жаһандық жылыну және адамның қоршаған ортаға әсерінің күшеюі жағдайында климат пен экологиялық әділет бүкіл әлемде өзекті мәселеге айналды. Бұл тақырыптар жергілікті тұрғындардың құқықтары мен білімімен де байланысты. Мысал ретінде индонезиялықтардың экожүйелерінде, мәдени дәстүрлері мен күнделікті өмірінде маңызды орын алатын ормандарды қалпына келтіруге бағытталған Jatiwangi Art Factory индонезиялық тобының Family Forest-ін келтіруге болады.
Онда ауылдардың маңында экономиканың ең «лас» секторларының біріне жататын танымал сән брендтерінің фабрикалары салынып жатыр. Жергілікті тұрғындардың құқықтарын қорғау және өнер және мәдени іс-шаралар арқылы қаражат жинап, Jatiwangi Art Factory мүшелері тұрғындармен бірге жер учаскелерін сатып алып, онда орман отырғызады.
2024 жылғы «Шетелдіктер жер-жерде» атты Венециялық биеннале де климат тақырыбына, нақтырақ айтқанда, бүкіл әлемдегі қауымдастықтар бетпе-бет келетін климаттық миграцияға арналған. Мысалы, Австралияда жаңа заңнама әзірлеуде, өйткені оларда жаһандық жылынудың салдарынан адамдар мекендеу орындарын жоғалту кейстері бар.
Аспан жайлауын қорғап қалды
— Қазақстан туралы айтатын болсақ, суретшілер елдің климаттық және экологиялық күн тәртібінде қандай рөл атқарады?
— Қазіргі өнердің трансформациялық әлеуеті зор. Қауымдастықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған қоғамдастықтың қатысу өнерін және ұжымдық көркем тәжірибені қарастырайық. Қазақстанда мұндай мысалдарға Алматы іргесіндегі Іле-Алатау ұлттық саябағындағы Көкжайлау шатқалын сақтап қалу үшін болған Save Kok-Zhailau экологиялық қозғалысын келтіруге болады. Бұл қозғалыс қала шенеуніктері 2017 жылы ұлттық саябақта тау шаңғысы курортын салу жоспарын қайта қарап жатқанын жариялағаннан кейін кеңінен танымал болды.
Save Kok-Zhailau акциялары мен перформанстарын ұйымдастыруда суретші Салтанат Тәшімова маңызды рөл атқарды, қозғалысқа көше суретшісі Паша Қас және басқалары да қосылды. Жұртшылық шатқалды бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі резонанс, акциялар мен жергілікті тұрғындарды бірлескен іс-әрекетке тарту арқылы қорғап қалды. Нәтижесінде 2021 жылы шатқалды ұлттық саябақ қатарына қосты.
— Сіз Астанадағы Талдыкөл көлдерін сақтау жөніндегі SOS Taldykol экологиялық қозғалысының бірлескен бастамашысысыз. Осы тәжірибе туралы айтып беріңізші.
— Қозғалыстағы әріптестерім мен мені Save Kok-Zhailau шабыттандырды. Талдыкөл көлін толығымен көміп, жерді құрылысқа бермекші болды.
Бастапқыда біздің алдымызда Талдыкөлді қала тұрғындарына көрсету міндеті тұрды, өйткені астаналықтар ұзақ уақыт бойы көлдерді табиғи су айдыны ретінде қабылдамаған болатын. Біз жергілікті тұрғындардың көлдердің бар екенінен хабары жоқ екенін білдік, өйткені Астана жаңа қала болғандықтан, көлдер бірден қала ландшафтына қосылмай, елорданың кеңеюіне байланысты кейін енген. Көлдердің «көрінбеуіне» кәріз қалдықтарының ұзақ уақыт бойы су қоймаларының біріне төгілуі де әсер еткен. Көлдердің айналасында жергілікті тұрғындар үшін демалатын инфрақұрылым болмағаны анық.
— Көлдерді «көрінетін» ету үшін қандай шаралар жасадыңыздар?
— 2020 жылдан 2021 жылға дейін екі жыл бойы көлдерде мәдени іс-шаралар: көлдерді көрікті орынға айналдыру мақсатында үздіксіз көрме, лекция, перформанстар ұйымдастырылды. Әртіс Әйгерім Оспан мен Асхат Ахмедияровтың Baqsy Saryny акциясы қоғамда, шетелде де үлкен резонансқа ие болды. Перформанс екі аумақта өтті. Бірінде Оспан бульдозердің алдында отырып, қазақ бақсыларының дәстүрлі аспабы қобыз тартты. Екінші аумақта бақсы боп киінген Асхат көлдерді толтыру үшін топырақ тасыған жүк көліктерінің жолын жапты.
Adyr-Aspan арт-тобының Shalqyma перформансы да көлдерді қолдауда ерекше болды. Көлге ақ киімді, қолдарына ақ лента ұстаған тоғыз әйел келді. Суретшілер ұя салатын жерлерін күзетіп тұрған аққуларды бейнеледі.
Өнердің жүрекке жететін құдіреті бар. Кейіннен көлдер туралы Астананың әрбір тұрғыны біліп ғана қоймай, Алматыда да су қоймаларын қорғау бойынша перформанс өтті. («Көмбе» акциясы 2022 жылдың қаңтарында өтті – ред.).
Біз мәселені шешуге азаматтар мен сарапшыларды тарту үшін жұмыс істедік: экологтар, заңгерлер, философтар, музыкалық ұжымдар, әртістер, спортшыларға хабарласып, көлдерді сақтау бойынша бірлескен шараларды талқылауға шақырдық. SOS Taldykol-ге әр уақытта барлығы 2000-ға жуық ерікті қосылды.
— Бірақ көлдерді көміп тастады. Сонда бәрі бекер болғаны ма?
— Кейбір көлдер көмілген болатын, әлі де жалғасуда. Дегенмен бұл іс қала тарихындағы маңызды оқиға болды. Егер бұрын Астанада көлдер бақылаусыз толып, қоғамдық орындар салынса, қазір елорданың азаматтық қоғамы қаланы тұрғызу мәселелеріне белсене араласуда.
Өткен жылы SOS Taldykol қозғалыстан жергілікті тұрғындар, экологтар, урбанистер мен заңгерлерден тұратын қоғамдық ұйымға айналды. Олар Талдыкөл көлдер жүйесінен қалған су қоймаларын сақтау жұмыстарын жалғастырып жатыр және қазірдің өзінде толтырылған бөліктерін қалпына келтіруге қол жеткізуді жоспарлап отыр.
Балқашқа қамқор
— 2020 жылы Сіз Балқаш көлінің мәдени ландшафтына зерттеу жүргіздіңіз. Сіздің бастамаңызға не себеп болды?
– Бұл зерттеу Қытайдың трансконтинентал «Бір белдеу – бір жол» инвестициялық бағдарламасының әлемдік экожүйелер мен қауымдастықтарға әсерін бағалайтын As You Go халықаралық өнер жобасының бөлігі.
Мен Балқаштың тірек нүктесі екенін көрдім: Ресей мен Қытайдың мүдделері осында тоғысады, аймақтың өзі және оның қауымдастығы бүкіл Қазақстанның тарихын бейнелейтін көпқабатты ұжымдық жадыны сақтайды.
Балқаштың экожүйелеріне жойылу қаупі төніп тұр, оған Қазақстанның көлді қоректендіретін трансшекаралық Іле өзенінің суын ұтымсыз пайдалануы бір себеп. Өзен бастау алған Қытай жағынан құятын су көлемі жыл сайын азайып келеді. Қазақстан үкіметі мен McKinsey консалтиң тобының бірлескен есебіне сәйкес, қазіргі жағдай жалғаса берсе, 2030 жылға қарай көлдің деградациясы қайтымсыз болады.
Мұның салдары Қазақстан үшін ғана емес, оның үштен бір бөлігі Аралқұмға ұқсас Балқашқұм шөліне айналады, сонымен қатар климаттың өзгеруі жағдайында бүкіл Орталық Азия аймағы үшін қауіпті.
2020 жылы біз Balqashqa Qamqor ашық бастамасын жасап, арт-интервенциялар, білім беру бағдарламалары, көрмелер жүргіздік, көлдің тарихы, мәдениеті, экологиясы туралы көркем журналдар, деректі фильмдер мен лекциялар ұйымдастырдық және басқа да түрлі шаралар өткізіп келеміз.
— Нақты қандай шаралар?
— 2023 жылдың жазы мен күзінде әріптестеріммен көл жағасындағы ең үлкен елдімекен Балқаш қаласында тұрып, жұмыс істедік. Көлге қамқорлық жасау бастамасының аясында біз онда барлық тұрғындар үшін ашық дәрістермен пәнаралық мектеп өткіздік. Сондай-ақ жастарға арналған әлеуметтік және шығармашылық жобаларды қолдауға арналған инкубатор жұмыс істеді.
Биылғы жылы біз Су ресурстары және Экология министрлігімен бірлесіп, су, климат және көл бассейнінің мәдениеті мәселелеріне арналған «Балқаш-2024» форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай форум соңғы рет осыдан 19 жыл бұрын Қазақстан Президентінің қатысуымен өткен, яғни Балқаштың жай-күйі туралы мәселе сол кезде де өткір тұрды.
Біз Балқашты сақтау жүйелі көзқарасты қажет ететінін түсінеміз, сондықтан біздің бастамамыз үшін мемлекеттік органдардың қатысуы маңызды болды.
Форум аясында халықаралық өнер көрмесі өтеді, оған біз Индонезияның Jatiwangi Art Factory, Орталық Азия суретшілері Алмагүл Меңлібаева, Саида Атабекова, Асхат Ахмедияров, Хадима Әли, Диляра Қайыпова және «Qizlar» ұжымын шақырдық.
— Неліктен суретшілер күтпеген жерден экологиялық форумдар ұйымдастырып жатыр?
– Біз үшін қоғамдық деп жіктеуге болатын бұл жұмыс – өнер – қауымдарды тарту өнері. Бүгінгі суретші тек сурет салуды ғана білетін адам емес. Бұл әр түрлі пәндердің тоғысқан жерінде жұмыс істеп, өзекті сұрақтар қоятын адам.
Біз бәріміз бір планетада тұрамыз, басқа үйіміз жоқ. Экологиялық апаттардың салдары геосаяси шекараларға бағынбайды, мейлі ол Балқаштың тартылуы, Арал теңізінің жойылуы немесе Әмудария өзенінің суын бұруды жоспарлап отырған Ауғанстанның солтүстігіндегі Қош-Теп каналының салынуы болсын. Сондықтан климаттық проблемаларды шешу үшін өңірлік және жаһандық деңгейде бірлесіп жұмыс істеп, сарапшыларды, үкіметтерді және халықаралық ұйымдарды ғана емес, сонымен қатар өнер қайраткерлері мен жергілікті қауымдастықты тартуымыз қажет.