© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстандағы экстремизммен күрес: шертпе, «лайк» қойма, ән тыңдама

Қылмыстық іс қозғау үшін жай ғана теологиялық пікірталас өткізіп, ұнатқан әніңізбен бөлісу жеткілікті. Жәбірленуші жоқ болса да, шығарылатын айыптау үкімдерінің барлығы дерлік түрлі сараптаманың қорытындыларына ғана сүйенеді.


Шухрат Кибиров. Фото: Андрей Гришин/CABAR.asia

«Мені не үшін соттап жатқандарын ақыры түсіне алмадым. Әлеуметтік желіде ән бөліскендерді отырғыза бастаса, менің замандастарымның тағдыры не болмақ?» – деп сауал қойды 33 жастағы алматылық Шухрат Кибиров соттағы соңғы сөзінде.

2018 жылдың 19 қаңтарында Алматы аудандық сотында Шухрат ҚР Қылмыстық кодексінің «діни алауыздық тудыру» және «терроризмді насихаттау» деген екі бабы бойынша 6 жыл 8 айға сотталды. Жас жігіттің бар кінәсы – 2014 жылы «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында араб тіліндегі бес мұсылман әні – нашидтермен бөліскені. Іске тартылған мемлекеттік сарапшы әндердің мәтіндерінен «терроризм насихаты» деп танылатындай ештеңе тапқан жоқ. Сондықтан сот шешімінде бірсарынды ғана «діни алауыздықты қоздыратын белгілер бар» деп көрсетілген. Бұл түйінін төреші сот отырысы кезінде де нақтылап айтты, бірақ дәл осы сөздер процесс кезінде міндетті түрде жазып алынатын видеодан жоғалып кеткен.

Сотталушының қорғаушысы Ғалымжан Нұрпейісов әнді аудару үшін аудармашы мамандарға жүгінді. Анық болғанындай, бұл әндерде діни насихаттың елесі де жоқ. Бір ән отан туралы, екіншісі – ана  туралы. Бір шығармада Мұхаммед пайғамбар мен оның үзеңгілесі Умар туралы сөздер бар. Сот аудармаларды іс материалдарына қоса тіркеп, одан кейін оларды мүлдем есіне де алмады.

Үкім шығарылған соң прокуратура наразылық түсірді – қадағалаушы органға Кибиров тым қысқа мерзімге сотталғандай көрініп, айыбын өтеу мерзімін 11 жылға дейін ұзартуды сұрады. Сот қабыл алмады.

Шухрат Кибировтың ісі Қазақстанда соңғы жылдары экстремизм мен терроризм белгілерімен қалай күресіп жатқандығын байқататын айқын көрініс.

 Бас прокуратура Құқықтық статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, «алауыздық тудыру» және «терроризм насихаты» деген екі бап бойынша  биылғы жылдың тоғыз айында 194 қылмыстық іс қозғалған, оның 155–і сотқа жеткен. Былтырғы пропорция да осы шамалас еді: 352 қылмыстық істің 219–ы сотқа жеткен. Мұдай істерде ақталып шығу – тым сирек құбылыс. Жылына ары кетсе екі–үш жағдай.

Мұндай істердің басым көпшілігі ислам жолына түскен адамдардың әлеуметтік желідегі белсенділігімен байланысты. Ал «ұлтаралық немесе әлеуметтік алауыздық тудыру» бойынша айыптаулар аса сирек. Осылайша, жылына 200–ден 300–ге дейін мұсылман кейінірек экстремистік немесе терроризмді насихаттайтын деп танылған әлдебір сөздерді репост жасап немесе үзінді келтіргені үшім түрмеге қамалып жатыр. Аталған қылмыстық істердің барлығы күштік құрылымдардың бастамасымен қозғалады, және осы сәтке дейін әлі бір де бір адам сондай контенттен «жәбір көрдім» немесе «қорландым» деп шағымданған емес.

Қудалауды заңдастыру үшін ыңғайлы қорытынды шығарып беретін мемлекеттік сарапшылар іске тартылады. Мұндай жағдайларда олар алдын ала сақтанып қою үшін әлдебір «белгілердің» бар екендігін айтады, ал оны әр тарап өз ыңғайына жығып түсіндіреді. Бұл эксперттердің білім деңгейі өз алдына бөлек тақырып, себебі араларында кәсіби дінтанушылар жоқ.

Евгений Жовтис. Фото: Ярослав Радловский

«Қазір біздегі сараптама деген нәрсе шоқпарға айналып кетті. Бұл жердегі мәселе – филологиялық білімі ғана бар адам мәтіндерге заң тұрғысынан бұлтартпас баға беретіндігінде. Оның қолынан келетіні – мәтін мазмұнын филологиялық жағынан талдап беру, ал ондағы қылмыс құрамы неде – оны заңгерлік білімі бар адам ғана айта алады», – дейді қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

2017 жылы Щучинск (Ақмола облысы) тұрғыны, Сауд Арабиясындағы Медина ислам университетінің   магистранты Қуаныш Башпаев 4,5 жылға сотталды. Ол Youtube желісіне жүктеген бірнеше лекциясы үшін «діни алауыздық қоздырды» деп айыпталған. Бұл лекцияларында ол «ашариттер» және «матрудиттер» деп аталатын ислам ағымдарын сынға алған. Қазақстанда бұл ағымдардың өкілдері жоқ, мұндай ағымдардың бар екендігін елдегі көп адам біле де бермейді. Бірақ оның видеоларына тиым салынып, Башпаевтың өзі қамауға алынбас бұрын, осы аймақтағы бірнеше адам осы лекциялармен өз парақшаларында бөліскен. Осы әрекеті үшін тағы кем дегенде екі адам жауапқа тартылды, олар – Щучинск тұрғындары Дадаш Марженов пен Ғалымжан Әбілқайыров. Бірақ дәріскердікінен бөлек, дәл сол видеолар үшін оларға қосымша «терроризмді насихаттау» бабы бойынша айып тағылды, ал оның себебі неде екенін түсіндірмеді. Әбілқайыровты 16 қазан күні жеті жыл жеті айға бас бостандығынан айырды, оның үкімі бұл сәтте осы санаттағы қылмыс үшін кесілген соңғы үкім, ал Марженовтың соты әлі жүріп жатыр.

«Мұндай таластар үнемі туындайды, мәселе сонда. Бірақ, бұл таластарға полицияның килігуі тіпті орынсыз. Расында, қазір мемлекет өзін зайырлы емес, негізінен исламдық ел деп танытып жатыр. Біз осы зайырлылықтан теологиялық жағына сырғып барамыз. Алайда, теологиялық пікірталасқа араласып кету – бұл тіпті жосықсыз әрекет. Тіл тигізіп қорлау деген бар. Бірақ біздің діннен басқасы бұрыс деп сипаттау барлық дінге тән, және бұл таңданыс тудырмайтын қалыпты нәрсе», – деді CABAR.asia сайтына ойын айтқан дінтанушы Артур Артемьев.

Эксперттердің таяз білімі мен қисынсыздығының арқасында діни тақырыптағы қандай да бір ой–пікірімен бөліскен желі қолданушысының кез келгенін дерлік «экстремистік» және «террористік» баптар бойынша жауапқа тартуға қолайлы жағдай туындап отыр.

2018 жылы Қазақстанда тиым салынбаған салафизм ағымының жолын ұстанушы, Петропавл қаласының тұрғыны Тимур Дәулетовке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол абайсыздықпен бөліскен видеороликтерде салафизмді ұстанушы адамдар терроризмге қарсы сөз айтып, Ирак пен Сириядағы ИГИЛ топтарын қатаң сынға алған. Қазіргі уақытта Дәулетов қамауда.

«Соңғы үш жылда осы баптар бойынша қозғалған қылмыстық істер саны қарқындап өсіп келеді. Бұл қылмыстық істер мүлдем сапасыз жүргізіліп жатыр, ал заңды белден басқан тергеу органдарының бассыздығына соттар көзін жұмып отыр».
Риддерлік (Қостанай облысы) құқық қорғаушы Александр Харламовқа қатысты іс биыл ғана жабылды. 2012 жылы жарты жылға жуық мерзім абақтыда отырып шыққан ол әлеуметтік желілерде атеистік көзқарасын білдіретін жазбалары үшін діни алауыздық тудырды деп айыпталған, бірақ ақырында оны босатты. Ресми түрде оның ісі тек қазір жабылып отыр, негізсіз түрде жауапқа тартылғаны үшін оған аздаған өтемақы төленді.

«Соңғы үш жылда осы баптар бойынша қозғалған қылмыстық істер саны қарқындап өсіп келеді. Бұл қылмыстық істер мүлдем сапасыз жүргізіліп жатыр, ал заңды белден басқан тергеу органдарының бассыздығына соттар көзін жұмып отыр. Сотталушыларға тағылатын айып – тиым салынған материалдарды тарату. Алайда, белгісіз парақшалар бар, мүлдем беймәлім парақшалар да бар. Ол парақшаларды ешкім қанша тырысса да таба алмайды. Өшірілген парақшалар бар. Бірақ осы қылмыстық істер доғарылар емес», – деп таңданады Дадаш Марженов пен Ғалымжан Әбілқайыровты сотта қорғаған адвокат Бауыржан Азанов.

«Ең үлкен проблема тудыратыны – бұл істердің нәтижесінде ешқандай құқықтық салдар туындамаған: ешкім ешкімді өлтіріп алған жоқ, жазбалардың арқасында бүлік болмады. Тек қана мәтін, немесе «ретвит», немесе «репост», немесе «лайк» бар», – дейді қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис. – Қылмысты болды деп растайтын жалғыз ғана дәлел – сараптама. Ал сарапшылардың ешқайсы, филолог болсын, саясаттанушы болсын, психолог болсын, нақты қорытынды айтпайды, өйткені ондайды істей алмайды. Олар өте шамалап, оның арты не болатын еді, қандай салдары болар еді, кімді қандай әрекетке апарар еді деп болжап бере алады. Сонда мамандардың бар болғаны осындай қорытындылары қылмыстық істер бойынша айыптау үкімдерінің негізін құрап шыға келеді. Бұл дегеніміз қылмыстық құқықтың принципін өрескел түрде бұзу, себебі біздің Қылмыстық кодекс үкімдерді қандай да бір болжамдардың негізінде шығаруға тиым салады. Бірақ сараптама түріндегі жанама дәйектерден басқа қылмысты дәделдейтін айғақтар болмаса, демек қазір шығарылып жатқан үкімдер, яғни 99%–і, болжам–пайым негізінде кесіледі деген сөз.

«Оларға дінге қатысты кәсіби тұрғыдағы нақты сұрақтар қойсаң, жауап ала алмайсыз, тек айнала қашқан қойыртпақ түсіндірме аласыз».
«Эксперттеріміздің биологиялық жасы 21-22–нің айналасында. Олар тіпті қарапайым сұрақтарға да жауап бере алмайды. Оларға дінге қатысты кәсіби тұрғыдағы нақты сұрақтар қойсаң, жауап ала алмайсыз, тек айнала қашқан қойыртпақ түсіндірме аласыз», – дейді адвокат Бауыржан Азанов.

Қазақстандық сараптама туралы түсінік алам десеңіз, жай ғана Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есептер комитетінің сайтында берілген елдегі тиым салынған материалдар тізімімен танысып шығу жеткілікті.

Мыңға жуық атаудың арасында «Мінәжат» аудиофайлы; «Адасқан» видеофайлы; «Жол» брошюрасы; файл «001»; файл «10»; «Интернет желісінде жұмыс істеу кезіндегі ақпарат қауіпсіздігі мен қорғау амалдары» мәтіндік файлы; Талмуд 2; Лекция; Саясат және халықаралық саясат; Палестиналық балалар өз өмірі жайлы баяндайды; Жаңа нашид және тағы сол сияқты тақырыптар толып жатыр. Кей сарапшылар прокуратура қызметкерлерінің осы файлдарды ашып, мұқият қарап шыққанына күмәнмен қарайды, жай ғана сот үкімдерінің ішінен түрлі атауларды теріп, автоматты түрде көшіріп шыққан сияқты әсер қалады дейді.

Әділін айтқанда, қазақстандық билік «ұлтаралық немесе әлеуметтік алауыздық тудыру» бабы бойынша қылмыстық істерді қозғағанда да дәл осы тәсілдемелерді қолданады. Соның салдарынан ақтөбелік кәсіпкер Санат Досов Facebook желісінде ресейлік президент Владимир Путиннің әрекеттеріне жағымсыз баға беріп жазған бірнеше жазбасы үшін, сондай–ақ павлодардық рэпер Руслан Гинатуллин Youtube желісінде ресейлік скинхедтердің әрекеттерін қатаң сынаған видеоларды жариялағаны үшін қамауға алынды.

Қазақстандықтардың интернеттегі қимыл–әрекеттерін үш ведомство қадағалайды – полиция, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және прокуратура. 2018 жылдың қаңтарының басында ҚР ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев ұлттық ақпараттық кеңістіктің мониторингін жасайтын автоматтандырылған жүйенің жасалғандығы туралы мәлімдеді. Оның сөзінше, «бұл жүйе бізге, айталық, мемлекеттік тілде жазылатын ақпараттың санын білуге көмектеседі. Заңнамаға сәйкес барлық ақпаратты анықтап отыру үшін, бізге осындай мониторинг қажет».

Жобаның бастапқы құны шамамен 4 миллион евроға бағаланды, ал жүйені жасап бітіру осы жылдың соңына белгіленген. Шын мәнісінде бұл жүйе күштік құрылымдардың қазақстандықтар желіде немен айналысып, не жазатынын бақылап отыруын жеңілдету үшін жасалған деген қауіп бар.

Галым Агелеулов. Фото: twitter.com

«Қоғамдық пікірді қалыптастыру жүйесі сүйенетін барлық өлшеуіштер анығында қоғамның көңіл күйін басқарып отыруды көздеуі мүмкін. Мемтапсырыс және сол сияқты ұлттық бағдарламалар қоғамды бақылап отырады», – деген пікірімен «Liberty» қоғамдық қорының жетекшісі Ғалым Ағелеуов бөлісті.

Оның пікіріне MediaNet  Халықаралық журналистика орталығының сарапшысы Игорь Братцев қосылады:

«Қазіргі уақытта ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бастамасымен ұсынылып жатқан заңдар, түзетулер жазалауға бағытталған, бірақ барлығы ізгі ниеттермен түсіндіріледі. Жаппай мониторинг дегеніміз ақпараттық кеңістікті көптеген бағыттар бойынша зерттеп отыруды білдіреді. Ал біздегі қазіргі тенденция – ақпараттық кеңістікті қудалап бағындыру. Бұл мониторинг сақтандыратын сипатта ойластырылған десек, ақпараттық кеңістік қалай дамып жатқандығы қадағаланады. Осы алдын алу шаралары ақыр соңында қудалауға ұласа ма деген қаупім зор. Ал ақпарат және коммуникациялар министрлігі әу бастан қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстырушы көпір қызметін атқарып жатқан жоқ, керісінше қоғамды әлдебір мемлекеттік органдардың, ең алдымен күштік құрылымдардың ығына жығып беретін орындаушыға айналды».


Бұл мақала IWPR «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа бағытталған ашық диалог» жобасының аясында әзірленді

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: