© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Неліктен қазақстандық экологтар азаматтардың ескі заттарын жинайды?

Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыда ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде табиғатты қорғауға бағытталған түрлі бастамалар жүзеге асырылып келеді. «Дармарка» – қаланың экомәдениетінің маңызды бөлігіне айналған бастамалардың бірі.

«Дармарка» («дарить» және «ярмарка» деген сөздерден шыққан) – қолданылған заттарды сыйға тарту және айырбастау алаңы. Сіз жәрмеңкеде «реттелсеңіз» де болады, қолданбайтыныңызды беріп, қажетті затты тегін таба аласыз. Барлығы пайда көреді. Сонымен қатар, заттың өзі қоқысқа кетудің орнына екінші өмірге ие болады.

Алматыдағы «Дармарка». Фото: Марина Хегай

Алматыдағы «Дармарка» 2017 жылы басталды. Қазір ай сайын жүргізіледі. Мақала жарыққа шыққанға дейін 39 «Дармарка» ұйымдастырылды.

 «Менің жетекшілігіммен бірінші «Дармарка» 2019 жылы өтті. Ол кезде 20-ға жуық келушілер болса, қазір 2000-ға жуық адам жиналады», – дейді «Дармарка» ұйымдастырушысы, эко-инфлюенсер Камила Әкімбекова. «Біздің жобамыз әлеуметтік және қайырымдылық мақсатта, өйткені біз екі мақсатты көздейміз: экологиялық білім беру және мұқтаж адамдарға көмектесу».

Аз тұтыныңыз

Камила Әкімбекова. Фото жеке мұрағаттан

Камила Әкімбекованың айтуынша, экобелсенділер «Дармарка» арқылы халықтың назарын шамадан тыс тұтыну мәселесіне аударғысы келеді. Оның айтуынша, жаппай нарықтардың болуы тұтынуды бақылауға мүмкін емес еткен. Адамдар заттарды сапасы нашар болса да сатып алады. Мұндай заттардың ғұмыры қысқа. Сонымен қатар, адамдар сатып алған заттардың көбін пайдаланбайды.

«Қоршаған ортаның ластануында тоқыма өнеркәсібі маңызды рөл атқаратынын көбі біле бермейді», – деп жалғастырады Камила. – Біз тек заттардың қоқыс полигондарына түсіп, қоқыс тауларын құрап, қоршаған ортаға кері әсерін тигізетінін айтып отырған жоқпыз. Біз, сонымен қатар, өндіріс процесінің өзінде бояулар пайдаланып, зауыттар атмосфераға зиянды заттар шығарып, электр энергиясын көп тұтынатыны туралы айтып отырмыз. Үшінші әлем елдеріндегі жалақысы төмен жұмысты да айтуға болады».

Экобелсенділер «Дармаркада» адамдарға өздері кейін қолданатын сапалы заттарды ғана сатып алған дұрыс екенін жеткізуге тырысады. Егер затты қолданбаса, онда оны басқа адамдарға беріп, сол арқылы қажетсіз заттарды өндіру үшін табиғи ресурстарды пайдалануды азайтуға болады.

«Дармаркада» не табуға болады? Барлығын деуге болады: ойыншықтар, балалардың керек-жарақтары, аксессуарлар, сөмкелер, төсек-орын, перделер, спорттық жабдықтар, ыдыс-аяқ, электр құрылғылары, кітаптар және т.б. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ең көп сұранысқа балалардың ойыншықтары, арбалар, орындықтар және т.б. ие. Мұның бәрі бірден кетеді. Аяқ киім де сұранысқа ие, оны да өте тез алып кетеді.

Келушілердің әкелген заттары алдын ала сұрыпталады да, кейін қала тұрғындарына көрмеге қойылады. Барлық заттар бірден өз иелерін таба бермейді, жәрмеңкеден кейін әрқашан бірдеңелер қалады. Камила алғашқы «Дармаркалардан» кейін қайырымдылық қорларына бірнеше пакеттер апарғанын еске алады. Қазір 2-3 тонна зат қалады, оны тасымалдауға көлік керек.

Шикізат екі рет өмір сүреді

Greenup.kz қоғамдық қоры мен «Recycle Birge» экоқозғалысының тең негізін қалаушы, директоры Әлия Сәлменова да «Дармарка» ұйымдастырумен айналысады. Бүкіл шикізат жинау бөлімі оның жауапкершілігінде. Осы жылдар ішінде экоакциялар 23 тоннадан астам қайта өңделетін материалдар мен қайырымдылық қорларына 10 тоннадан астам киім-кешек жинады.

«Бізде Алматыда қабылданатын қайталама шикізаттың ең үлкен тізімі бар. Біз фракциялардың 17 түрін аламыз: қатты және жұмсақ түрдегі 1, 2, 4, 5 деп белгіленетін пластик (сандар пластиктің түрін көрсетеді – Ред.), макулатура, картон, алюминий, шыны, оның ішінде түрлі-түсті шыны, қаңылтыр құтылар, пеноплас, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмектер, электронды қалдықтар, құрамында сынап бар қалдықтар, пайдаланылған өсімдік майы», – дейді Сәлменова.

Алматылықтар көбіне пластик, макулатура, түрлі-түсті шыны әкеледі.

«Өйткені мұны бізден басқа ешкім қабылдамайды», – деп түсіндіреді Әлия Сәлменова.

Қайта өңделетін материалдардың барлық түрлері дереу өңдеушілерге немесе қолөнершілерге беріледі («Дармарка» 18 шығармашылық әлеуметтік жобаны қолдайды). Шеберлер матаның қалдықтарын, ескі түймелерді, сынған сағаттарды, аспаптарды, қолшатырлардың сынған механизмдерін және т.б. қолданады. «Сынған сағаттардан жаңа жылдық ойыншықтар, әшекейлер және сәндік бұйымдар жасайды», – деп Сәлменова мысал келтіреді.

Сонымен қатар, Дармаркада әрқашан бұзылған компьютерлерден қосалқы бөлшектерді жинауға арналған жеке бак бар. Ерікті Равиль Насифуллин құрамдас бөліктерден жарамды компьютерлер құрастырады. Ол оларды мұқтаж балаларға тегін береді. «Дармарка» барлығы төрт қайырымдылық ұйымын қолдайды.

«Қазақтар әдетте ескі төсек-орындарды тастамайды, сондықтан үйіліп жатады, жылдар бойы жиналады… Бізге әкеліңіз»! – дейді Әлия. 

Оның айтуынша, төсек-орынды жануарлардың пана үйлері «қуана» алады. Олар одан өздеріне қажетті тану материалдары мен төсек-орын жасайды.

Экоакцияларға қатысушылардан қабылданатын заттардың тізімі үнемі көбейіп келеді.

Баяу, бірақ сенімді түрде

«Дармарка» ұйымдастырушылары қала тұрғындарының күнделікті өміріне экоәдеттер мен жауапты тұтынуды енгізгісі келеді. Ұйым осы мақсатқа жету үшін мектептерде, университеттерде, жеке компаниялар мен қалалық іс-шараларда дәрістер өткізеді.

Алматыдағы «Дармарка». Фото: Марина Хегай

«Барлық экологтардың мақсаты бір – біздің іс-әрекеттеріміз қажетсіз болып, адамдар эко, тұтынуға ұқыпты және өз таңдауларына жауапкершілікпен қараса деген тілек. Күні кеше «Дармаркаға» келгендердің бірі шағымданды: заттарды сұрыптайсың, әкелесің, сосын тағы да толып шыға келеді. Бұл не білдіреді? Біз тұтынуды азайтып, ресурстарды ұтымды пайдалануымыз керек», – дейді Әлия Сәлменова.

Ол балабақшадан бастап қазақстандықтарды қалдықтарды бөлек жинауға, экоізді азайтуға және жауапкершілікпен тұтынуға үйрету керек екеніне сенімді. Ал балалар ата-аналар үшін ең жақсы ынталандыру, олар да осы процеске қатысуы керек.

Экобелсенділер экосананың күн өткен сайын көбірек адамдар үшін бағдарға айналып келе жатқанын байқаған.

«Алғашқы экосенбі күндері (оларды Recycle Birge 2017 жылдан бері өткізіп келеді – Ред.) менің айналамдағы адамдар: «Әкімдік сендерге ақша берген, менің үйіме келіңдер, тазалаңдар» дейтін. Адамдар біз өз бастамамызбен сенбіліктерге баратынымызды шынымен түсінбейтін. Қазір бізді біледі, біздің іс-шараларымыз қала тұрғындарының мақұлдауы мен қолдауына ие болды, енді олар біздің іс-шараларымызға өздері келеді. Бұл біздің қоғамның экопринциптерді кеңінен енгізуге дайын екендігін көрсететін көрсеткіштердің бірі, тек сәл күш салу керек», – дейді Әлия Сәлменова.

Билік те өзгере бастады: мемлекеттік органдар «Дармарка» жобасына қызығушылық танытқан. Олар ақпараттық қолдауға, шараларды өткізуге орындар табуға және т.б. көмектеседі.

Алматылықтардың тағы бір жетістігі – Қазақстанның басқа қалаларындағы экобелсенділердің «Дармарка» жәрмеңкесін өткізуі.

«Мен Астана, Атырау, Ақтаудағы қыздарға кеңес бердім, олар да бұл идеяны қолдап, өз қалаларында «Дармарка» өткізе бастады. Сондай-ақ, акция Қарағанды, Ақтөбе, Петропавл және Шымкент қалаларында да өтуде. Біз өткен жылы өз қалаларында «Дармарка» ұйымдастырғысы келетіндер үшін жалпыға ортақ чат құрдық. Біз әрқашан ашықпыз және басқаларға көмектесуге дайынбыз», – деді Камила Әкімбекова.

Негізгі фото: Марина Хегай

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: