© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жағдайын жақсарту үшін қоқыс шығару төлемін көтеру көмектесе ме?

2024 жылдың басында KazWaste қазақстандық қалдықтарды басқару қауымдастығы қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) шығару тарифтерін 2–10 есеге көтеруді талап етті. Экологтар бұл қалдықтарды тиімді және қауіпсіз басқаруға әкелетініне сенімді. Шынымен солай ма?

Қоқыс мәселесі

Қазақстанда түзілетін қатты тұрмыстық қалдықтардың төрттен бірі де қайта өңделмейді. Energyprom.kz мониториң агенттігінің мәліметінше, 2018 жылы Қазақстанда 4,3 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналып, тек 11,5% ғана қайта өңделген. 2023 жылға қарай жағдай жақсарған – 4,1 миллион тоннаның 23,9% өңделген.

Қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты мәселелер барлық кезеңде бар. Осылайша, әр бес қазақстандықтың төртеуі ғана коммуналдық мекемелер жинайтын арнайы контейнерлерге қоқыс тастауға мүмкіндігі бар.

Қоқысты жинап, шығаратын компаниялар билік тарапынан қысымға ұшырайды. Билік ұйымдарды «монополия» деп айыптап, келісімшарттарды бұзады. Компаниялар өз жұмыстары үшін ақысын көбейтуі қиын.

«Өңдеу сатысының өз қиындықтары бар. Қатты қалдықтарды бөлек жинау деңгейі төмен болғандықтан, (кем дегенде «ылғал» және «құрғақ» фракцияларда) оларды қолмен сұрыптайды. Өңдеуге болатын қоқыстың үлесі аз боп қалады», – деп жазады Energyprom.kz.

KazWaste қауымдастығының қатысушылары барлық мәселелерді ескере отырып, қоқысты шығару тарифін бір адамға 1000-1500 теңгеге ($2,1-3,1) дейін көтеру керек деп санайды. Қауымдастық Қазақстанның кей аймақтарында тариф шамамен 10 жыл бойы өзгермей, бір адамға 89-280 теңге (0,19-0,59 доллар) екенін мәлімдеді. Еліміздің ең ірі қаласы Алматыда 2017 жылдан бері өзгермеген тариф 2024 жылдың мамыр айынан бастап көтерілді. Өсім 30%-ды құрады – бір адамға 553 теңгеден 718,5 теңгеге дейін (шамамен 1,16 доллардан 1,51 долларға дейін) өсті.

Тарифті өсіру не өзгертеді?

Мария Жевлакова

CABAR.asia тұрақты даму, айналмалы экономика және тиімді оқыту саласындағы сарапшы Мария Жевлаковадан тарифтердің көтерілуіне қатысты пікірін сұрады.

«Егер біз қалдықтардың мөлшері, ластану азайып, қоршаған ортаның сапасы жақсаратын белгілі бір «Таза Қазақстан» жүйесін қарастыратын болсақ, бұған қалай қол жеткізіледі деген сұрақ туындайды. Адамдардың лақтыратын қалдықтарын азайту немесе қалдықтарды өңдеу, шығару және пайдалану ресурстарын көбейту қажет. Ол үшін бізге көбірек ақша керек», – дейді Мария Жевлакова.

Экоблогер және «Экология без паники» подкасының жүргізушісі Михаил Беляков қалдықтарды шығаруға тарифті көтеру қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуді жақсартпайды деп санайды.

«Әрине, тарифтерді көтеру керек, өйткені бәрі қымбаттап жатыр. Бірақ жай ғана тарифті көтеру адамдарды аз қоқыс шығарып немесе оны сұрыптауға ынталандырмайды. Өйткені сұрыптасаң да, сұрыптамасаң да, бәрібір бірдей төлейсің», — дейді Беляков.

Михаил Беляков

Ол төрт адамнан тұратын екі қарапайым отбасын салыстыруды ұсынады. Бірінші отбасы қалдықтарды сұрыптамайды және күніне бір шелек аралас қоқыс шығарады. Екіншісі сұрыптап, аптасына бір шелек ғана қоқыс лақтырады. Дегенмен екі отбасы да бірдей төлейді – айына 2874 теңге ($6).

«Бизнеске келетін болсақ, онда да бәрі оңай емес. Егер сізде қоқыс жинайтын орын болмаса, шаршы метрге, орындарға немесе қызметкерлер санына байланысты стандартты тариф төлейсіз. Сіз сұраптасаңыз да, минимализмнің чемпионы болсаңыз да, әрқашан бірдей төлейсіз», – деп Михаил Беляков тариф саясатының жетілмегендігін көрсетті.

«KazWaste» атқарушы директорының орынбасары Айжан Рысқұлова қоқысты шығару, тасымалдау және көму тарифінің атауында да сұрыптауға қатысы жоқ тәжірибелер бар екенімен келіседі.

«Қалдықтарды жинап, шығару үшін халықтан тариф алынады. Содан кейін қоқыс сұрыптауға жіберіледі, ал сұрыпталғаннан кейін қайталама шикізат қайта өңдеуге жіберіледі. Егер тарифтің негізгі бөлігі тұрғындардан қалдықтарды бөлек жинауға жұмсалса, бұл, әрине, қайта өңдеу деңгейін арттыруға септігін тигізеді. Өйткені қайта өңдеу шығаруға байланысты», – дейді Рысқұлова.

Михаил Беляков сараланған тарифтер енгізуді ұсынады. «Егер біреу қалдықтарды сұрыптаса немесе аз шығарса, ол сәйкесінше аз төлейді. Бұл бізге көмектеседі», – дейді эколог.

Беляков есептеулер келтіреді: мемлекеттік мектептерде қалдықтарды сұрыптау қатты қалдықтарды шығару құнын 40% немесе одан да көп төмендетуі мүмкін. Оның үстіне мектептерде қайта өңдеуге болатын материалдар жинақталады: макулатура, пластмасса, алюминий, компаниялар келіп осы үшін төлейді, яғни мектептер қосымша табыс таба алады.

«Жинаушылардың да ынтасы артады: шикізат пайда болады және зауыт қуаты бос тұрмайды. Бұл тек мектептер ғана, сондай-ақ балабақшалар, колледждер мен университеттер бар. Тарифті көтеріп қана қоймай, осылай істеген дұрыс», – дейді Михаил Беляков.

Тариф неге алаңдатады?

Айжан Рысқұлова

Айжан Рысқұлова сараланған тариф қалдықтарды бөлек жинауды танымал етудің тиімді әдісі деген пікірмен келіседі және әлемдік тәжірибе де осыны дәлелдейді. Алайда Қазақстанда тиісті заңнамалық база жоқ.

«Тарифті есептеудің әдістемесі бар. Бірақ сұрыпталған және сұрыпталмаған қалдықтарды шығару тарифі қанша есе екенін кім есептейді? Екі есе аз ба немесе үш есе ме? Көрдіңіз бе, мұнда көптеген тұзақтар бар. Мүмкін қазір сәл ертерек шығар, бірақ мұны енгізу керек», – деп жауап берді Рысқұлова және мұндай шешімнің салдары қандай болады деп алаңдайтынын айтты.

Ол гипотетикалық жағдайды ұсынды. Алматыда қала тұрғындарына: «Қоқысты бөлсең аз төлейсің, бөлмесең көп төлейсің» дейді.

«Халықта: «Жарайды, біз сұрыптағымыз келеді, бірақ инфрақұрылым қайда?» деген орынды сұрақ туындайды. Түсінесіз бе? Барлығына байыппен қарау керек: инфрақұрылымды дамыту керек. Ал бізде инфрақұрылымға әкімдік жауапты. Бұл қоқысты шығаратын компаниялардың емес, әкімдіктің жауапкершілігі», – деп түсіндірді Рысқұлова.

Мансұр Өшірбаев

ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Өшірбаев та инфрақұрылымға, дәлірек айтсақ, контейнерлерге назар аударады. Оның айтуынша, Қазақстанда қолданылып жүрген контейнерлер әбден ескірген, ақпараты аз.

«Контейнер мен мұндалап тұруы керек: «Маған араласты сал», «Маған тамақты сал», – деп түсіндіреді вице-министр.

Дегенмен, контейнерлерді орнату және бұл саланы дамыту (сала қазір нашар дамығанын вице-министр жасырмайды) тарифті көтермейінше мүмкін емес. Өшірбаев сонымен бірге мемлекет бұл мәселелерді шешуден шет қалмайтынын атап өтті.

«Жыл басынан бері қалдықтар өнеркәсібін дамытуға шамамен 200 миллиард теңге ($421,8) бөлінді: қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауыттарын салу, қалдықтарды жинайтын көліктер сатып алу және контейнерлер орнату. Бұл үлкен сома», – деп атап өтті вице-министр.

Бірақ Energyprom.kz авторлары миллиардтаған бюджеттік бастамаға пессимистік көзқараспен қарайды: «Елімізде 1,5 жылға жуық мемлекеттік субсидиялау жүйесі жұмыс істемей, бұл көмексіз сұрыптау және қайта өңдеу бойынша 100-ден астам жеке компаниялар банкротқа ұшырап, жабылып қалғанда ақшаға кезек бола ма?»

Сіз бағаның өсіміне дайынсыз ба?

CABAR.asia Google-форма арқылы еліміздің әр өңіріндегі 100 қазақстандыққа сауалнама жүргізді.

Күтілгендей, сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы қоқыс жинау ақысының өсуіне риза емес.

Респонденттердің көпшілігінің пікірі (74%) сарапшылардың пікірімен сәйкес келді – қоқысты шығару тарифінің бағасын арттыру қоқысты қауіпсіз және тиімді басқаруға әкелмейді.

Респонденттердің қоқыс үшін ай сайын төлеуге дайын сомасы бойынша пікірі әрқилы болды. 40% көпшілік 200 теңгеден 500 теңгеге дейін (0,42 доллардан 1,05 долларға дейін) төлеуге келіседі. Жарияланған соманың ең үлкенін – 2000 теңгені (4,2 АҚШ доллары) беруге респонденттердің біреуі ғана (инфографикада «Басқаға» енгізілген) дайын.

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың қалдықтарды бөлек жинауға деген көзқарасы оң, бірақ тек 8%-ы ғана zero waste (қалдықтарды азайту) қағидаты бойынша өмір сүреді.

 

 

Респонденттердің 71%-ы киім-кешектерді полигонға лақтырмай, қайырымдылыққа береді. Бұл респонденттердің белгілі бір деңгейде экологиялық хабардар екенін көрсетеді. Сарапшылар сияқты респонденттер де тұрмыстық қатты қалдықтарды қауіпсіз және тиімді басқару туралы халықтың хабардарлығын арттыру үшін халықпен ақпараттық жұмыс жүргізуді (35%) және инфрақұрылымды жақсартуды (25%) ұсынды.

Иллюстрациялық фото: Татьяна Трубачева

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: