© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Америкалық студент Қазақстандағы Арал теңізінің түбіне қалай және не үшін сексеуіл еккенін айтып берді

«Мен Аралды өз көзіммен көргім келді. Мектепте,   АҚШ-та, бізге сабақ кезінде Аралдың қалай құрғағаны туралы айтатын. Теңізге құятын өзен суларын егістіктерді суаруға пайдаланған», – деп еске алады АҚШ студенті Каролина Соломон. Ол Арал экожүйесін қалпына келтіруге арналған «Сыр қорғаны сексеуіл» экологиялық акциясына ерікті ретінде қатысып, Аралды көрген.

Іс-шара үш күн бойы, 2024 жылдың 1-3 наурызы аралығында Қазақстанның Қызылорда облысында өтті. Шараға 80-ге жуық ерікті жиналып, Арал теңізінің түбіне 5100 сексеуіл көшетін отырғызды. Каролина Соломон CABAR.asia-ға сапардан алған әсерін айтты.

Бірінші күн: Өңірмен танысу

Пойыз Алматыдан Қызылордаға Алматы-2 вокзалынан жолға шығып, Каролина сол жерде басқа еріктілермен таныстығын бастады. Олар әртүрлі: ауа-райы, жол, Арал теңізі, оқу, мәдениет, хобби және т.б. нәрселер туралы әңгімелесті. Каролина үшін бұл орыс тілін жетілдіруге тамаша мүмкіндік болды, өйткені ол Алматыда халықаралық мәдени және тілдік студенттер алмасу бағдарламасы бойынша оқиды.

Пойыз терезесінен көрініс

Пойыз жол басында Іле Алатауының әсем тауларынан өтіп, кейін Жамбыл облысының аумағын кесіп өтті. Пойыздың терезелерінен Іле Алатауының асқақ шыңдары көрінді. Олар өз иелігін қорғайтын күшті күзетшілер сияқты жазықтан жоғары көтеріледі. Бұл – өзіңізді табиғаттың бір бөлшегі сезініп, оның сұлулығы мен ұлылығынан ләззат алатын жер.

Жалпы, Алматыдан Қызылордаға пойызбен саяхаттау Қазақстанның сан алуан табиғатын – аппақ қарлы шыңдары аспанға қарай созылған тауларынан бастап, шексіз даласына дейін көруге тамаша мүмкіндік.

Таңертең Қызылордаға жетіп, автобустарға мініп, Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би ауылына жол тарттық.

 

Еріктілер

Жолда Арал теңізінің түбіне сексеуіл егіп, игі іске бата алу үшін киелі орын – жыршы-композитор Қорқыт атаның ескерткішіне тоқтадық.

Каролина Соломон Қорқыт ата мемориалының жанында

«Қазақтың қиын да, игі іс жасау үшін үлкендерден бата сұрайтын дәстүрі қандай қызық», – деп таңғалды Каролина.

Қорқыт ата ескерткіші

Тамыр жүйесі күшті сексеуіл құрғақ теңіз түбінде тұз бен құмды ұстап тұруға көмектеседі, солай оның қоршаған орта мен адам денсаулығына зиянды әсерін азайтады.

Сергей Әзімов

Ауылда акцияға қатысқан режиссер Сергей Әзімовтің Арал теңізі туралы қызық фильмін тамашалап, көргеннен кейін фильм авторымен сұхбаттастық. Алғашқы күн дәмді дастарханмен де есте қалды: бешбармақ, бауырсақ, қазақы тәттілер мен шай.

Екінші күн: Сексеуіл егу

Сексеуілді түсіретін жерге апаратын жол

Таңертең ерте Каролина еріктілермен сексеуілді түсіретін жерге аттанды. Жол алты сағатқа созылды, оның бесеуі кеуіп қалған Арал теңізінің түбінде өтті.

Арал шөлі

Шөл ашылды – аспан жермен астасып, көкжиек шексіздікте жоғалған шексіз кеңістік. Мұнда ағаштар жоқ, тек теңіздегі толқындай желде тербелетін шөптер ғана бар. Толық тыныштықта өзіңді табиғаттың ұлылығы алдында кішкентай және елеусіз сезінесің.

Каролина Соломон

Теңіз орнында өте биік және қардай аппақ тұзды тауларды көруге болады. Бұл таулар бір кездері су астында болса, қазір құрлықта. Каролина көргенінен мұңайып, қамығып қалды. Ол мұндай әдемі жерлер шөлге айналмас үшін адамдар суды сақтау керек деп ойлады.

Автобус тоқтап, еріктілер топтарға бөлініп, көшет отырғызу бойынша нұсқаулар алып, жұмыс басталды. Күні бойы еріктілер құрғақ су қоймасының түбіне бес мың бір жүз сексеуіл көшетін отырғызды. Каролина елуге жуық көшет отырғызып, нәтижеге риза болды.

 

 

Сексеуіл

Үшінші күн: Үйге баратын жол

 Қайтар жолда Каролина құрғақ Арал теңізінің түбінде тұрғанын еске алып, оны абыржу, тіпті қорқыныш сезімі биледі. Мұнда су бір кездері қырық метр тереңдікке жетіп, алып теңізде кемелер жүзіп, тіршілік қайнап жатқан еді, қазір шөлге айналды. Көптеген адамдар үйінен, жұмысынан айырылды. Ол құрғақ түбімен келе жатқанда, аяғының астында тұз қытырлап, бақалшықтар әр жерде шашылып жатты.

Арал теңізінің түбіндегі бақалшықтар

«Бұл өте түсініксіз болды және таңғалдырды: бұл жер маған бір кездері болған Америка Құрама Штаттарындағы шөлді еске түсірді», – деп мойындады Каролина: «Арал теңізіндегі апат барлығына сабақ болады деп үміттенемін. Біз мұны есте сақтап, мұндай апаттардың қайталанбауына тырысуымыз керек».

Суреттерді Каролина Соломон ұсынған

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: