Бірнеше жыл қатарынан қалталы қазақстандықтарға өзі тағайындаған ордендерін сатумен айналысып келе жатқан «Қоғамдық марапат» ЖШС коммерциялық ұйымы орден тапсыру үшін арнайы маман тартқаны белгілі болды. «Наша газета» анықтағанындай, бұл – көптен бері жалған дипломаттар ретінде таныс CIPDH ұйымының генералы болып шықты.
Артем Марусич – CABAR.asia Аналитикалық журналистика мектебінің қатысушысы. Зерттеудің түпнұсқасы аймақтық «Наша газета» порталының сайтында жарияланған.
Қостанайлық кәсіпкер Алексей Иващенконың поштасына да оның «Қазақстанның құрметті азаматы» қоғамдық орденімен марапатталғандығы туралы шақырулар бірнеше мәрте келген. Алексейді онда номинант ретінде шақырған. Хатта бұл марапаттың құны да көрсетілген. Орденді салтанатты жағайда алғысы келгендер 1 750 000 теңге, ал сырттай ала салғысы келгендер – 1 250 000 теңге төлеуі тиіс екен.
«Айына бір рет «Қоғамдық марапат» ЖШС-нің хаттарын алып тұрамын, – дейді Алексей. – Қыруар ақшаға әлдебір мақтау қағаздары мен медальондарын тапсырмақшы. Бұрынғы марапаттауларында Қарағанды облысы ҰҚК департаментінің басшысы және «Қазақстанның ұлттық агроөнеркәсіптік палатасының» президенті болғандығын хаттарында айқайлатып көрсетіп қойған».
Шынымен де, 2018 жылғы 7 маусымда үшінші рет өткен «Қазақстанның құрметті азаматы» атағымен марапаттау салтанаты туралы пресс–релизінде шараның қатысушылары және орден кавалерлері ретінде «Қазақстанның ұлттық агроөнеркәсіптік палатасының» президенті Мәсімов Қажымқан Қасымұлы мен Қарағанды облысы ҰҚК департаментінің басшысы Бейсеков Серік Сағымбайұлы көрсетілген. Алайда, Қарағанды облысы ҰҚКД басшысы 2017 жылдан бастап мүлдем басқа адам екенін анықтау түкке тұрған жоқ. Бейсековтің өзі де бұл шарада болған, бірақ бар болғаны «АлбаЖолҚұрылыс» ЖШС жетекшісі ретінде ғана.
Фотолардың бірінен Қажымқан Мәсімов те көрінді. Ол «Қазақстанның құрметті азаматы» орденін әлдеқашан, 2016 жылы алып қойғандықтан, бұл жолы Мәсімовке «Еуразиялық мемлекеттер одағының құрметті азаматы» ордені тапсырылған екен.
Бізді қызықтырғаны Мәсімовтың өзі емес, оған марапат тапсырған адам еді. Үстіне киген қандай форма екенін түсіну үшін орден сататын ұйымның сайтын қарап, ол жерден CIPDH жапсырмасын көрдік. Бұл адамның есімі CIPDH ұйымының Қазақстандағы 23 өкілінің тізімінде тұрғанын анықтадық. Марапаттап тұрған суреттердің көптігіне қарағанда, Насибов Шахим Ядигарович бұл міндетті атқаруға шақырылғаны бірінші рет емес. Айта кетсек, «ҚР Ұлттық архиві» РММ сайтында 2017 жылдың 3 шілдесінде жарияланған жаңалыққа сәйкес, Насибов осы архивтің директоры Махашов Жангелді Меңлібайұлына INTERSAFETY халықаралық ұйымының «Алтын қыран» орденін табыс еткен.
ҚРҰА РММ-нің «Фейсбуктегі» ресми парақшасында жазылғандай, Насибов халық мұрасын сақтаушыларға «Батыр шапағаты» медальдары мен алғыс хаттарын мәжіліс депутаты, Халық қаһарманы, генерал-лейенант Бақытжан Ертаевтың атынан табыстаған.
CIPDH қайда, БҰҰ қайда?
Аздап тарихын айта кетейік. 2016 жылдың күзінде Алматыда номерлік белгілері БҰҰ автокөліктерінің номерлеріне тым қатты ұқсайтын белгісіз бірнеше автомашина көзге түскен. Сол сәтте қазақстандық БАҚ жергілікті полицияның тексеру амалдарын жүргізгендігін, нәтижесінде көлік жүргізушісінің жалған номерлерді тағып алғаны үшін жауапқа тартылғандығын жазды. Бұл номерлерде UN әріптерінен кейін CIPDH — Comité international pour la protection des droits de l’homme (Халықаралық адам құқығын қорғау жөніндегі комитет) француз ұйымының логотипі жапсырылған.
Жалпы, біреуге ұқсап бағу – CIPDH жақсы көретін нәрсе сияқты. Өйткені оларды испаниялық CIPDH-UNESCO (Халықаралық адам құқығын ынталандыру орталығы), сонымен қатар франциялық CNCDH (Адам құқығы жөніндегі Ұлттық консультативтік комиссиясы) ұйымдарымен шатастырып алу оңай.
2017 жылдың өзінде баспасөз беттерінде БҰҰ символикасы мен жалған номерлерін тағып алған, арнайы сигналы бар CIPDH–тің тағы бір үлкен көлігі туралы ақпарат пайда болды. Бұл жолы әкімшілік хаттама жасалып, көлік жүргізушісін ҚР Әкімшілік кодексінің екі бабы бойынша жазалап, 68 000 теңге айыппұл салды. Ал 2018 жылы CIPDH–тің көрнекі номерлеріне дәл сондай көрнекі форма да қоса жүретіні белгілі болды (фотоны қараңыз).
2016 жылы Алматыдағы жалған номерлі көліктер туралы шу шыққанда, БҰҰ–ның Қазақстандағы өкілдігі CIPDH–тің автокөліктеріне еш қатысы жоқ екендігін мәлімдеген.
Алматыдағы жалған номерлі машина. Фото: motor.kz
Еревандағы БҰҰ–ның оригинал номерлерін таққан көлік. Фото: Артем Марусич
Біз болсақ, Қазақстандағы банкеттерді жағалап жүрген генералдардың қайдан шыққандығын анықтау мақсатында ҚР Қорғаныс министрлігіне осындай көрнекі форманың иесі болып табылатын ұйымның статусы туралы сауал жібердік.
«НГ» басылымының сауалында жауабында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал–лейтенант Талғат Мұхтаров: «Халықаралық адам құқығын қорғау жөніндегі комитет (CIPDH — Comité international pour la protection des droits de l’homme) — жекеменшік ұйым болып табылады және БҰҰ–ға ешқандай қатысы жоқ», деп мәлімдеді.
Атақтың құны қанша
Дегенмен, мұндай жауаппен CIPDH–тің келіскісі жоқ. Ұйымның сайтында Халықаралық адам құқығын қорғау жөніндегі комитетінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Әбен (Әбдіәли) Нұрманов деп көрсетілген. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті өз сайтында Нұрмановты генерал–майор, ҚР–дағы БҰҰ жанындағы «Халықаралық адам құқығын қорғау жөніндегі комитеті» Қауымдастығы өкілдігінің президенті деп көрсеткен.
ҚР Ұлттық кітапханасының сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, ол ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері, Қытай, Ресей, Қырғызстан жоғары оқу орындарының құрметті профессоры, А. Эйнштейн атындағы Халықаралық энергетика академиясының, М. Нострадамус атындағы Халықаралық психология және парапсихология академиясының, Ресей Федерациясы Педагогикалық академиясының академигі. Б. Момышұлы атындағы «Отан қорғаушыға» құрмет белгісімен, Ресей Федерациясының М. Ломоносов атындағы орденімен (ғылымға сіңген еңбегі үшін), Ресей Федерациясының «Н. В. Гоголь» медалімен (ағарту ісінде сіңген еңбегі үшін), халықаралық «Мұстафа Кемаль Ататүрік» алтын медалімен, «Гейдар Алиев» алтын медалімен (Әзірбайджан), «Красный Крест» қайырымдылық медалімен (Англия), «Король Альберт Вальхштейн» медалімен (Чехия) марапатталған. Ал «Манас жаңғырығы — Эхо Манаса» телерадиокомпаниясы (Қырғызстан) оған «Ғасыр Адамы» атағын берген.
CIPDH баспасөз қызметінің жетекшісі және сапа қадағалау инспекторы Юлия Науманды Павлодар облыстық білім басқармасының сайтында оның отбасылық үлгідегі балалар ауылына келгені туралы жаңалықта «БҰҰ өкілі» деп көрсеткен. Дәл осылай 2012 жылы Орал әкімдігінің сайтында CIPDH вице президенті Анвар Ниёзов та атап көрсетілген. Бір қызығы, 2014 жылы ол «Жарты ай мен Жұлдыз» орденін арқалықтық Мираш Ташетовке табыс еткен екен.
Қыруар ақшаға атақ сатып алу, әлбетте, күлкілі нәрсе, бірақ әркімнің өз қалауы. Қорқыныштысы сол, өздерін адам құқығын қорғаушымыз деп маңғаздана таныстыратын ұйым әлдекімдерді марапаттап, пайдаға белшеден батып жүр. Тіпті шошытарлығы – елде осы бассыздықты тоқтатуға қауқарлы ешкімнің жоқтығы.
Бұл материал «Giving Voice, Driving Change — from the Borderland to the Steppes Project» жобасы аясында жазылды. Жоба Норвегия Сыртқы Істер Министрлігінің қаржылай қолдауымен жүзеге асуда.