© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Асылбек Ізбайыров: Қазақстан – діни көпполярлы, бірақ бұл шиеленіс тудыруы ықтимал

Үйлесімді діни қарым–қатынастар – қазіргі таңда Қазақстан үшін өзекті және айтарлықтай нәзік мәселе. Бұл  сала қалай реттеліп жатыр және діни қарым–қатынастарды қалай құрған дұрыс – геосаяси зерттеулер институтының директоры, дипломатия институтының профессоры, дінтанушы Асылбек Ізбайыров CABAR.asia порталына берген сұхбатында айтып берді.


English На русском

Асылбек Ізбайыров. Жеке архивінен алынған фото
CABAR.asia: Қазіргі уақытта Қазақстанда қанша конфессия бар? Олар ел аумағына қалай келді?

Асылбек Ізбайыров: Қазір Қазақстанда 3,5 мыңнан астам діни бірлестік бар. Елде діни конфессиялардың барлық дерлігі таныстырылған. Олардың ішінде ең ірілері – ислам мен христиан (православие және католицизм) діндері. Әр конфессияның елде пайда болу тарихы әр түрлі.

756 жылдың шамасында Қазақстанға ислам келе бастайды – бұл ең алғашқы Талас шайқасының, Таң империясы мен арабтар арасындағы соғыс (Аббасид испериясы мен Қарлұқ қағанаты әскерлері – ред. еск.) нәтижесінде болды. Сол сәтте жергілікті халық арабтардың жағына шығады да, Жетісу, Қазақстанның оңтүстігі аумағына, кейін бүкіл аймақтарға да біртіндеп ислам тарай бастаған дәуір туады.

Қазақстанға исламның тарай бастауының бір кезеңі Қараханидтер әулетімен тығыз байланысты. Дәл сол сәтте Боғра хан исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Одан соң Алтын Орда дәуірі келеді. Билікке Беркі хан, Өзбек хан, Әз Жәнібек сияқты басшылар келіп, олар да өз кезегінде исламды мемлекеттік дін деп жариялаған. Содан соң негізгі кезең – Қазақ хандығының орнауы. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» сияқты заңнамаларды қарап отырсақ, олардан ислам тәртіптерінің, мұсылман құқық нормаларының эволюциясын байқаймыз.

Дәстүрлі ислам туралы айтқанда, біз «әбу Ханифа мазхабы» деп түсінеміз. Басқаша айтсақ, бұл біздің мүфтият – Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы ұстанатын бағыт.

Қазақстанда істеп жатқан басқа конфессиялар туралы не айтар едіңіз?

Олардың әрқайсында өз кезеңі болды. Католик миссияларының Қазақстан аумағы арқылы өтіп жүргенде біртіндеп таралғанын түрлі кезеңдерден аңғарамыз. Католицизм Қазақстан жеріне [Ресейден] адамдар қоныс аудара бастаған шақта күшейді.

Православиенің барынша дендеп енуі Ресей империясының [қазіргі Қазақстан аумағына] келген кезімен тұспа–тұс. Осы кезде түрлі христиан миссионерлерінің қарасы көбейіп, православие идеологиясын таратуға тырысады.

Буддизм қалай тарады дегенге келсек, бұл ретте үш негізгі кезеңді бөлек қарастыруымыз керек:

Бірінші кезең – Қазақстан аумағында өмір сүрген Кушан империясының заманы.

Екінші кезең біздің заманымыздың V-VI ғғ. бастапқы шағымен байланысты, бұл кезде [Қазақстан аумағына] түрлі буддистік уағызшылар келе бастайды, алғашқы монастырлер салынады.

Үшінші кезең Ойраттармен және жоңғар шапқыншыларымен байланысты. Бұл кезеңде Қазақстан аумағында буддистік храмдардың қатары молая түседі.

Осындай діни әр–алуандық жағдайында қандай проблемалар анықталды және оларды шешу жолдары қандай?

Діни әр–алуандық Қазақстанды көпполярды етеді. Онда көптеген мәдениеттер, көптеген бағыттар бар. Бір жағынан алып қарасақ, мұны байлық дей аламыз, бірақ осы байлық шиеленіске әкелуі де ықтимал.

Мұндай жағдайда идеологема: «Бірлік – алуандықта» деп сендіруге тырысады. Біз осыған ұмтылуымыз қажет. Үлкен алуандық поляризация тудырады. Оның тамыры тарихымызда болған процестерде ғана жатқан жоқ. XVI ғасырға дейін болған соғыстардың негізінде діни шиеленіс тұрғаны да тектен тек емес.

Зайырлы басқару формасы – бірегей боп табылатын модель. Ол діни ағымдардың бәрінен алшақ тұрады, есесіне діни қарым–қатынастарды бақылау және реттеу міндеттерін өзіне жүктеп алады. Ішкі шиеленістер қай кезде де болған, бола береді. Бірақ ең басты қажеттісі – дұрыс реттеу.

Осы діни қарым–қатынастарды дұрыс реттеудің жолдары қандай?

Сауатты реттеу ең алдымен осы саладағы жоғары білікті мамандарды даярлаудан басталады.

Айталық, сол баяғы экстремизм мен терроризм проблемасының аясында біз контрпропаганда жайлы айта бастаймыз да, көп жағдайда әлдебір абстракциялы нәрселерге деп қойып кетеміз.

Такфиризм түрінде келетін экстремизм мен терроризм проблемаларымен сол түрде күресу керек. Ал мұны жасай алатын – жоғары білікті имамдар, теологтар. Оның сыртында басқарушылық деңгей бар, олар кімнің кім екенін анық білуі шарт.

Демек, Қазақстанда теологтар жетіспейді ғой?

Бізде жоғары білікті теологтар мен имамдар тапшы. Олардың кейбірінің түрлі діни ағымдармен байланысы бар.

Жалпы, зайырлық туралы айтқанда, бұл барлығына бірдей қатынас дегенді білдіреді. Ең басты принцип – заңға бағынушылық, дәстүрге құрмет.

Зайырлық – дүниетаным идеологиясы емес, бұл дүниетаным деңгейіндегі бейтараптық. Бұл аса маңызды. Осындай процестерді реттей алатын – жоғары білікті мамандар ғана.

Ақтөбеде теракт болғанда, ол жаққа осындай білікті мамандарды жіберіп, жағдайды шеше алды.

Қазақстанда осындай мамандарды даярлай алатын университеттер саны қанша?

Бұл ретте біз таза теологиялық және діни бағыттарды бөліп қарастыруымыз шарт.

Теологиялық бағыттар бойынша мамандарды [қазақ–мысыр] «Нұр–Мубарак» [ислам мәдениеті] университеті даярлайды. Тағы 4-5 жетекші жоғары оқу орны дінтанушылар мен сарапшыларды әзірлейді.

Біз олардың сапасын және білім деңгейін арттыруымыз қажет. Дін мәселесінің өзектілігі жылдан жылға артып келеді, оларды шешу қалыптан тыс әдістерді қолдануды, ерекше жолдарды талап етеді.

Гумилев атындағы ЕҰУ–дың (Еуразия ұлттық университеті) бір өзі жылда 30-40 дінтанушы даярлап шығарады, ал Қазақстан бойынша түлеп шығатындардың саны 150–дің шамасында.

Онда бізде мамандардың жетіспеушілігі неден туындап отыр?

Мамандар тапшылығы туралы айтқанда, біз мүлдем басқа нәрсені айтып келеміз. Айталық, «Нұр–Мубарак» деңгейінде, айтулы шетелдік жоғары оқу орындарының деңгейінде дәріс оқу үшін мектеп қалыптастыруымыз керек.

Біз болсақ әзірге өзіміздің, орталықазиялық діни ілім мектебін қалыптастыру деңгейіндеміз. Бұл бір күнде шешіле қалатын мәселе емес. Ең бастысы, біз бұл бағытта жылжып келеміз, іздену үстіндеміз. Құдайға шүкір, іштей діни шиеленістерге жол беріп жатқанымыз жоқ.

Экстремизммен байланысты нақты проблемалар бар – бұл жалпыәлемдік үрдіс. Бұл проблема тек Қазақстанға тән емес дегенді ұғынуымыз керек. Әр үш жыл сайын бізде Әлемдік діндер съезі өтіп тұрады. Әлбетте, мұның өзі белгілі бір тенденция, дұрыс бағытты қалыптастырады, бізге қажет парадигманы жасайды.

Біз алуантүрлілік сипатындағы әлемге қарай жылжуымыз керек, оны сауатты реттей алуымыз керек.

Мемлекет пен қоғамдық ұйымдар қайшылықтарды реттеу бойынша міндеттерін қаншалықты қажетті деңгейінде атқарып отыр? Діни алуандылық жағдайындағы үйлесімді қоғам құрудың жолдары қандай?

Конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі әлемнің көптеген елдері үшін үлгі боларлық деңгейде, біздің президент те оны үлгілік нұсқа етіп таныстырады.

Қазіргі таңда Қазақстан бұл бағытта дұрыс келе жатыр. Із қажетті заңдарды шығарып, нақты бағытымызды анықтап алдық. Ендігі маңызды нәрсе – діни қауымдастықтың заңға бағынатын, терроризмге қарсы шығатын және тарихы мен дәстүрлерін сыйлайтын болуы. Мұның бәрін біз бекіттік.

Мемлекеттік органдар даму сатыларының көбінен өтті. Біз үнемі жетіліп келеміз. 2004 жылға дейін бізде діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі секретариаттар мен кеңестер болды. Ал 2004 жылы бізде алғаш рет дін істері жөніндегі комитет құрылды.

Бұл мекеме дер кезінде құрылды. Сол 2004 жылы көрші Ташкентте терактілер болған кезде, бұл бізді қатты ойлантты. Комитет дін істері жөніндегі агенттік ретінде қалыптасты. Жаңа заң қабылдау қажеттілігі пайда болды. Кейін қайта тіркеу болып, 2011 жылы жаңа заң қабылданды.

2016 жылы сыртқы қауіптермен бетпе–бет келдік, нәтижесінде дін істері жөніндегі министрлік құрдық, кейін ол қоғамдық келісім министрлігіне айналды. [Діндер мәселесімен] қосымша арнайы органдар да айналысады.

Олардың барлығы проблеманы революциялық емес, эволюциялық жолмен шешіп келеді. Бұл механизм өз тиімділігін көрсетті. Әкімдіктер жанында осы мәселелермен айналысатын орталықтар жұмыс істейді. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және басқа да органдар бар.

Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы конфессияаралық қарым–қатынастарды бұдан да жоғары деңгейге көтеру үшін қандай қадамдарға бару керек? Нақты ұсыныстарыңызбен бөлісе аласыз ба?

Діни сауатсыздық бар десек, бұл мәселені шешу керек. Бірақ, қандай да бір тиым салу шараларын қолдану – ескірген әдіс, осыны түсінетін кез келді. Мұны сауатты түрде реттеуге тиіспіз.

Біздің мектептерде дін негіздерін 9–сыныптан бастап оқыта бастайды. Бірақ оқытатындар – тарих пәнінің мұғалімдері. Сол себепті біз арнайы білімі бар мамандарды даярлауымыз қажет. Діни процесс әрқашан өзекті. Ол жанкештілікті қажет етеді.


Бұл мақала IWPR «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа бағытталған ашық диалог» жобасының аясында әзірленді

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите Ctrl+Enter.

Сообщить об опечатке

Текст, который будет отправлен нашим редакторам: