© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстан Ирактан 14 баланы қайтарды

Гуманитарлық шараны қазақстандық дипломаттар ел басшылығының тапсырмасымен және балалардың аналары мен туған–туыстарының өтініші бойынша ұйымдастырды.  


Подпишитесь на нашу страницу в Facebook!


27 қарашадағы «Русафа» арнайы операциясының нәтижесінде Қазақстан Ирактан 14 баланы – сегіз қыз бен алты ұлды қайтарып әкелді. Аэропортта оларды дипломаттар мен балалардың жақын туысқандары күтіп алды.

77265210_1818924764910084_8030387420908224512_n
78428607_1818924461576781_4700761488367812608_n
73375538_1818924591576768_2125562083381608448_n
78380022_1818924551576772_7297600716707725312_n

Фотоны ҚР СІМ берді

Балаларды ең үлкені 10 жаста, ең кішкентайына бір жас он ай толған. ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко елге оралған балалардың екеуі ғана Қазақстан аумағында туғандығын атап өтті.

«Олардың қазақ ұлтына қатысы бар екендігін дәлелдеу үшін ДНҚ сараптамасын жасау қажет болды. Біз балалардың елде қалған туыстарын – ата–әжелерін, апа–ағаларын іздеп таптық. Туысқандардың ДНҚ–сын алдық, сараптамадан өткіздік, алған қорытындыларды сол жаққа, Иракқа жібердік. Олар барлығын тексеріп шықты. Бұл балалардың біздікі екендігін дәлелдеп шықтық», – деді Василенко.

Білім және ғылым министрінің балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңесшісі Раиса Шер қайтарылған балалардың төртеуі мектеп жасындағы жеткіншектер екендігін, бірақ олар ешқашан мектеп табалдырығын аттап көрмегендігін мәлімдеді.

Оралғандардың барлығы – Ирак түрмелерінде отырған қазақстандық азаматшалардың балалары. СІМ екінші хатшысы Данияр Байбековтің айтуынша, әйелдердің барлығы еш сөзге келмей, барлық құжаттарға қол қойып, балаларын елге қайтаруға бірден келісімдерін берген.

«Бір камерада 40 ересек адам қамалады, жандарында балалары отыр. Оларға күніне екі рет қана тамақ береді, оның өзі күріш пен су ғана», – дейді Байбеков.

Фотоны ҚР СІМ берді

Иракқа аттанған жедел топтың құрамында телеоператор Олжас Берікбаев та бар еді. Оның айтуынша, әуедегі уақытты санамағанда, процедура бар болғаны бірнеше сағатты алған. 

«Әуелгіде біз ол жақта түнейміз деп жоспарлаған едік, бірақ жеткен соң жоспарымыз бірден өзгерді – айналдырған үш сағаттың ішінде шаруаларымызды тәмамдап, кері қайттық. Ол әйелдердің өміріндегі ең ауыр сәт – балаларымен қоштасуы. Балалар да боздап, әйелдер де еңіреп, бір–бірін енді ешқашан көрмейтінін түсініп қатты жылады. Балалардың кейбірі бірнеше тілде сөйлейтіні анықталды», – деп бөліседі Берікбаев. 

Ерлан Қарин. Жеке архивінен алынған фото

Бірақ осы тез біткен гуманитарлық операцияның жүзеге асуы үшін орасан зор жұмыс жасалды. Саясаттанушы Ерлан Қариннің сөзінше, қазақстандық дипломаттардың бір тобы ирактық сотпен, көші–кон басшылығымен кездесулер өткізіп, ақыры балаларды беру жөніндегі қажетті процедуралар туралы келісімге келді.

«Келіссөздермен бір мезгілде Қазақстан билігі балаларды елге қайтарудың егжей–тегжейлі логистикасын жасап қойды – арнайы борттың бағыты, бағытты ұшып өтуі алдын ала келісілді. Сонымен қатар эвакуациялық топқа дипломаттардан бөлек арнайы медицина қызметкерлері, оның ішінде балалар психологтары кірді», – деді Қарин. 

«Қатардағы адамдар сияқты жүріп жатыр»

Қазақстан 2019 жылдың басынан бері Таяу Шығыстағы қақтығыс аймақтарынан әйелдер мен балаларды қайтару бойынша «Жусан» аталған ауқымды гуманитарлық шараларды жүзеге асыра бастады. Алғашқы операция осы жылдың қаңтарында, тағы екеуі мамырда өтті. Осы уақыт ішінде Сириядан 600–ден астам адам, оның ішінде 407 бала елге оралды.

Гүлназ Раздықова. Photo: CABAR.asia

Павлодар қаласының дінаралық қарым–қатынастарды сараптау және дамыту орталығының директоры Гүлназ Раздықованың айтуынша, қайтарылған балалар үшін барынша жайлы жағдай жасап, олардың «тірі қалу» режимінен «қамсыздық» режиміне өтуіне ыңғай туғызды.

«Бейбіт өмірге оралу үшін балаларды қалыпты күн тәртібіне әдеттендірді: белгілі бір уақытта ояну, жаттығу жасау, таңғы ас, сабақ оқу, түскі ас деген сияқты. Олар спортпен және шығармашылықпен айналысып жүрді. Осы кезеңнің өзінде–ақ оң өзгерістер байқала бастады», – дейді Раздықова.

Оның айтуынша, оралған ересектердің бірқатары қазір жұмысқа орналасып, балалары балабақшаға немесе мектепке бара бастаған. Олардың барлығының туу куәліктері қалпына келтіріліп, қолдарына берілген.

Қақтығыс аймақтарынан қайтарылған балаларды оңалтумен Қазақстанда «Құқық» қоғамдық қоры айналысады. Олардың өңірлерде кәмелетке толмаған жасөспірімдерді бейімдеу орталықтары бар. Қызметі 2016 жылы басталған ұйым сонымен қатар заңгер, психолог, әлеуметтік қызметшілерді оқытып, даярлайды, педагогтар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған тренингтер әзірлейді.

ДАИШ–тен кейінгі өмір: Елге қайтқан қазақстандықтарды не күтіп тұр?

2018 жылы террористік іс–қимылдар жүріп жатқан аймақтардан елге оралған және өз еркімен Қазақстанның Ауғанстан мен Түркиядағы елшіліктері арқылы қайтып келген 91 бала мен ересек қордың қарауына тапсырылған.  2019 жылдың 6 қаңтарынан бастап «Құқық» ҚҚ «Жусан-1» және «Жусан-2» операциялары нәтижесінде елге қайтарылған балаларды оңалтудан өткізумен айналыса бастады.

Олардың деректері бойынша, балалар шиеленіс ошақтарына Қазақстанның барлық өңірлерінен түскен. Дегенмен ең көп саны Орал мен Атыраудан кеткен, ал оңтүстік аймақтардан барғандарының саны азырақ.

«Алғашқы лекте келген қыз балалар қазір қалыпты өмірге бейімделіп, қатардағы адамдар сияқты жүріп жатыр. Балалар ортамызға сіңісіп кете алар ма екен деп уайымдадық, ал мектептер бұл істе бізге көп көмегін тигізді. Қазір балаларымыз ұлттық мерекелерге қатысып, өнер көрсетіп те жүр. Олар өздерін осы еліміздің бөлігі екенін сезіне бастады – бұл оң өзгерістердің нышаны», – дейді қор басшысы Ольга Рыль.

«Өзіне, өз күшіне сенімді мемлекет»

Қазіргі таңда Қазақстан Таяу Шығыстағы қақтығыс аймақтарынан өз азаматтарын белсенді түрде қайтарып әкеп жатқан Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. 

Көкектің соңында Тәжікстан билігі де Сирия мен Ирак аумақтарында қалған 84 баласын отанына қайтарды. Олардың көпшілігінің аналары бас бостандығынан айырылған.

30 мамырда Өзбекстан Сириядан  156 азаматын қайтару бойынша гуманитарлық операция өткізді. Арнайы операция «Мейірім» деп аталып, мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында жүзеге асты.

Ал қазанның 10–ында «Мейірім–2» гуманитарлық операциясы аяқталды. Шара нәтижесінде 64 бала Ирактан отанына оралды. Олардың аналары түрлі халықаралық террористік ұйымдарға қатысқаны үшін ұзақ мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылғандығы туралы хабарланды.  ребенка.

Қырғызстан болса әзірге Ирактан 78 баланы қайтару туралы келсіссөздер мен дайындық шараларын жүргізіп жатыр. Бұл туралы қыркүйекте үкіметтің вице-премьері Жеңіс Разақов мәлімдеген болатын.

Қазанда Нұр–Сұлтанға сапармен АҚШ–тың мемлекеттік хатшысы орынбасарының міндетін атқарушы Натан Сейлс келіп, Қазақстанның Сириядан азаматтарын қайтарып алу ісіндегі жаһандық көшбасшы екендігін атап өтті. 

«Біз Қазақстанның билігі ғана емес, сондай–ақ жекеменшік сектор да, дін беделділері де бар ресурстарын пайдаланғанын көріп отырмыз. Сонымен қатар медициналық қызметкерлер мен психолог мамандар да оралған азаматтардың оңалуына еңбегін сіңіріп жатыр. Біз бұл істе бүкіл әлемге үлгі болатын тұтас іс–қимылдар жасалғанына куә болдық», – деді сол сапар кезінде журналистермен кездескен Сейлс («Қазинформ» ХАА бойынша келтірілген дәйексөз).

Қазақстанның бұл мәселедегі белсенділігі ең алдымен оның қаржылық мүмкіндіктерімен байланысты деген пікір айтылып жүр. Еуразия ұлттық университеті жанындағы Қазіргі заман зерттеулері институтының ғылыми қызметкері Ғабит Қонысовтың сөзінше, ел билігі гуманитарлық операцияларды ұйымдастыру ісіне халықаралық донорларды тартпаған. Бірақ сарапшы мәселе ақшаға ғана тіреліп тұрған жоқ дегенді айтады. 

«Менің ойымша, бұл жердегі ең бастысы – біздің өзіне сенімді, өзінің мүмкіндіктеріне сенімді мемлекетіміздің бар. Соның арқасында ақша да табылады, нәтижесінде волонтерлар да, оралушылардың отбасылары да мемлекетке алғыс айтады. Елде дерадикалдану жүйесі жасалып жатыр, теологиялық оңалту қызметі құрылды, сотталғандармен жұмыс жүргізеді», – деп атап өтті Қонысов.

Оның ойынша, Орталық Азия елдеріндегі азаматтық қоғам мемлекеттердің «адасқан» азаматтарын елге қайтарудағы ұмтылыстарына қолдау көрсетуі тиіс.


Бұл мақала IWPR «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа бағытталған ашық диалог» жобасының аясында әзірленді

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: